Жыл сайын өткізілетін тілдік курстар сәтті аяқталды
Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің Көптілді білім беру орталығы жыл сайын университет пен экономика, бизнес және құқық колледжінің білім алушыларына, оқытушылары мен қызметкерлеріне арналған тілдік курстар ұйымдастырады. 2025–2026 оқу жылында курстарға 100 тыңдаушы қатысты: 70 адам ағылшын тілін Beginner-ден Upper-Intermediate деңгейіне дейін оқыды, ал түрік тілін – 12, араб тілін – 11 және неміс тілін 7 тыңдаушы бастапқы деңгейде меңгерді. Мұндай формат әрбір қатысушыға өз білім деңгейі мен оқу қажеттіліктеріне сәйкес бағдарламаны таңдауға мүмкіндік береді.
2025–2026 оқу жылы барысында тыңдаушылар сөйлеу, тыңдап түсіну, оқу және жазу дағдыларын дамытып, грамматика мен сөздік қорларын жетілдірді. Ағымдағы оқу жылының мамыр айының соңында қорытынды тестілеу өткізіліп, оқу бағдарламасын меңгеру деңгейі мен қол жеткізілген нәтижелер бағаланды. Оқу қорытындысы бойынша тыңдаушыларға тілдік дайындық деңгейін растайтын сертификаттар табысталды.
Көптілді білім беру орталығының тілдік курстары тыңдаушыларға шет тілін меңгеру деңгейін арттыруға, оны оқу, кәсіби және жеке мақсаттарда тиімді қолдануға мүмкіндік береді, сондай-ақ академиялық және мансаптық дамуға қосымша жағдай жасайды. Шетел тілдері бойынша курстар келесі оқу жылында да жалғасын табады.
Тілдік курстарды сәтті аяқтауларыңызбен құттықтаймыз және оқу, ғылыми және кәсіби қызметтеріңізге толағай табыс тілейміз!





